Атырау облысында көпқабатты үйдің ауласында ойнап жүрген баланы түйе таптап тастаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жылыой ауданы әкімдігі мәліметінше, оқиға 26 қазанда Құлсарыдағы 3-шағынауданда болған. Желіде тараған кадрларда бала түйеден қашып бара жатқаны, бірақ сүрініп құлап, жануардың астында қалғаны көрінеді.
"Зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетілді, қазір ол травматология бөлімінде ем алып жатыр", – деді аудан әкімдігі өкілі.
Түйе арнайы оқшауланған алаңға қамалған. Қазір билік өкілдері жануардың иесін анықтауға тырысып жатыр.
"Ветеринариялық инспекция мәліметінше, түйенің құлағындағы сырға Маңғыстау облысына тиесілі, алайда жануар дерекқорда тіркелмеген. Мамандар түйені тексеріп, одан ауру белгілері анықталмағанын айтты", – деді әкімдік өкілі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова