Танымал адвокат Джохар Утебеков заңгер Айман Асанованың өліміне қатысты тың деректі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында Айман Асанованы 18 рет пышақтап, аяусыз өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Күдікті - заңгер Асанованың бұрынғы күйеуі. Ол сот үкімі бойынша 1 жыл 6 айға сотталған болатын. Сот үкімі қоғамда қызу талқыға түсіп, Желі қолданушылары наразы болған еді.
Адвокат Джохар Утебеков Facebook-парақшасында бұрынғы күйеуі Айман Асанованы пышақтаған сәттің видеосын жариялады.
"Бұл Нұртаев бұрынғы әйелі Айманды аяусыз өлтірген сәт! Ол аяусыз оны 18 рет пышақтаған! Қалай? Қалайша судья Майшинов Нұртаевты 1,5 жылға ғана соттады? Видеоны соңына дейін көріңіздерші. Нұртаев Айман қозғалып жатқанын көрген. Қайтадан келіп, аяусыз соңына дейін өлтірген!", - дейді адвокат.
Джохар Утебеков видеоны марқұмның жақындарының рұқсатымен жариялағанын атап өтті.
"Судья Майшинов бұл видеоны көрді ғой! Майшинов қалайша қылмыскерге жеңіл жаза тағайындады??", - деп ашуланды адвокат.
Еске салайық, қанды қылмыс былтыр қазанда болған. Танымал заңгер Айман Асанова үйінің маңайында өлтірілген болатын. Ол күдікті ер адаммен екі жыл некеде болған. Артынша Айман мен бұрынғы күйеуі ажырасқан. Алайда ер адам Айманның Алматының орталығындағы пәтеріне таласпақ болған екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!