Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтан зорлық көрдім деген Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жылдың басында адвокаттық қызметімді уақытша тоқтатып едім. Екі күн бұрын қайта жаңғыртып, адвокаттық өкілеттігімді жалғастыруға тура келді. Жанқош Тұраровқа қатысты іс бойынша жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызының ресми қорғаушысымын. Қазір Алматыдамын. Іс бойынша шиеленіскен жайттар өте көп", - деді ол.
Адвокаттың сөзінше, Әнаруға бұндай қадамға бару оңайға соқпаған. Қыз қатты күйзелісте жүргендіктен, сұхбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмаған.
"Өзіне бүкіл әлем түсінбей, қарсы болатындай, тіпті суицид жасардың алдында айтып кетем деген ой болған сияқты. Дегенмен мықты екен. Буллингке қарсы тұрудың өзі мықтылық қой. Қазір Сіздердің қолдауларыңызды сезініп, өзіне келе бастады. Көңіл күйі де жақсарып, ашыла бастады. Ал 2018 жылдан бері неге арыз бермеген деп, пәлен-түген, отбасылы еркекпен байланысарда ойланбай ма, бірдеңе деп жатқандар төмендегі мәліметтерге назар аударуларыңызды сұраймын: Әнару Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы Алмалы аудандық полиция бөліміне арыз берген екен. Бір күн қамауда ұстап, арызын қабылдамай жіберген. Ол жолы оперлар ұрып-соқпаған, (!) қамап, босатып жіберген. Куә болған құрбысы бар. Қажет болса, тергеуге де, сотқа да барып, куәлік ете алам деп отыр. Бұл - бір. Екінші рет, 2023 жылы жәбірленуші Тұраровқа қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, енді жайына қалдырмаса, үстінен арыз жазатынын айтқан. Артынша көшеде Әнаруды полицейлер ұстап, көлікке салып, Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне алып келіп, бірнеше сағат ұрып-соғып, электрошокермен күйдіріп, қинаған. Себеп-салдарын айтпаған. Не болғанын да түсінбеген Әнару Қалдыбекқызы ұрып-соққан полиция қызметкерінің үстінен арыз түсірген. Іс сол күйі жабылып кеткен. (!) Қайта арызданамыз. Қаңтарда үтікпен күйдірген, қайнаған су құйып азаптаған полицияға қыз балаға бұндай жауыздық жасау түк тұрмаса керек. Үйреншікті әдістері ғой. Екі оқиғаның бір-біріне қатысы бар ма, әлде кездейсоқтық па, нақты дәлеліміз жоқ..Бірақ ішкі түйсікке бұл оқиғалардың бәрінің бір-біріне байланысы бардай сезіледі..(төменде Әнарудың арызы мен көгала қойдай денесінің фотоларын салдым)", - деп жазды Ләззат Ахатова.
Ол қазір аталған оқиғаларға қатысты тиісті мекемелерге ресми адвокаттық сауалдар жолдап жатқанын, жауаптарын жариялайтынын айтты.
"Астанадағы тәуелсіз сот сараптама орталығының нұсқауымен ертең тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлердің қарауына жазылып қойдық. Өз бетімізше де тексеріліп, мамандардың қорытындысын алатын боп шештік. Тағы бір айта кететін жайт - Тұраровтың адвокатының айтқан арыз жазуға жәбірленуші мас боп келіп, киімін жыртып, бейәдеп қылықтар көрсетті деген уәжі бойынша айтарымыз: Сол күні арыз жазатынын Тұраровтың әйелі білген. Әнаруды арыз жазуға итермелеген тағы бір жағдай - боксердің әйелінің қорлаған сөздері. Екеуінің хат алмасқаны бар. Мұнда сала алмаймын, тергеуге, сотқа дәлел ретінде өткіземіз. Әуезов аудандық полиция бөліміне келгенде, Әнарудың алдынан екі қыз шығып, "сен ба, Жанқоштың үстінен арыз жазбақшы боп жатқан шал***?" деп, провокация жасап, футболкасын жыртып, видеоға түсіріп алған. Ол екі қызды полиция қызметкерлері қарсы алғанын көргендер де бар. Соған қарағанда, бұл да ұйымдастырылған нәрсе деп топшылаймын", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!