Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (28-0, 20 КО) бірінші жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
34 жастағы боксшы бұған дейін 2023 жылы қазанда рингке шықты.
"IBO ережелері бойынша титулды жылына кемінде бір рет қорғау керек. Алайда 10 желтоқсанда қазақстандықтың кейінгі жекпе-жегі өткеніне тура бір жыл болады. Дереккөз мәліметінше, бұл Тұраровты чемпион атағынан айыруға себеп болады", - деп жазылған Vesti.kz ақпаратында.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров 28 қыркүйекте Алматыда рингке шығуы керек еді, бірақ оның венесуэлалық Хесуса Корреа Пинтоға (16-0, 16 КО) қарсы жекпе-жегі өткізілмеді.
Жанқош Жасұланұлы Тұраров 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол - кәсіпқой боксшы. 2023 жылы наурызда IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды. Жұбайы Клара Исамен үш қыз тәрбиелеп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Жанқош Тұраров қыз зорлады деген ақпарат тараған болатын. Алматы полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Кейін Жанқош Тұраровтың өзі де "қыз зорлады" деген ақпаратқа алғаш рет жауап берді. Ол үш қыз өсіріп отырғанын, мұндай әңгіме қайдан шыққанын түсінбейтінін жеткізді.
Алайда кейін бұл іске қатысты тергеу тоқтатылды. Полиция мәліметінше, зорлау дерегі расталмаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!