- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жанқиярлық әрекетімен жолдастарын...
"Жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарды". Алматы облысында қатардағы сарбаз қаза тапты
Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің мерзімдік қызмет әскери қызметшісі қатардағы сарбаз қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz ҰҰ "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон жеке құрамы 2022 жылдың 08 мен 13 тамызы аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған.
"2022 жылғы 09 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығын бүліне бастаған. Қатардағы Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған. Қатардағы Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қайтыс болғанын растайды. Қатардағы Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай, өзі қатты соққыдан қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Шахимов 2003 жылы туған. Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен шақырылған.
Бұл дерек туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеріс тағайындалды.
С. Сатыбалдина