Былтыр танымал айтыскер ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскен еді. Дәрігерлер ақынның ауруы асқынып, сепсиске айналғанын айтқан болатын. Кейін өнер иесі Швейцарияға емделуге кеткені белгілі болды. Ал кеше белгілі кәсіпкер Дулат Тастекей ақын Жүрсін Ерманның жас ақындар сайысында қазылық етіп отырған жеріндегі суреттерін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәсіпкер Дулат Тастекей 72 жасында дертке шалдыққан Жүрсін Ерманның айтысқа келуін ерлікке балаған.
"Жанкештілік емей немене? 72 жасында сынақ қып берген сырқатты сырғытып артқа тастаса да, ұзақ алған ем-домнан кейін толық қалпына келіп үлгермеген Жүрсін ағамыз айтыс алаңына келіп, жарқ етіп, жастарға жалын бергендей болды. Ол кісіні көрген кез келген құлыншақтың көсіліп шауып, Жүрсіннің жүйріктері қатарынан орын алғысы келері анық. Бүгін жастар арасындағы жүйелі түрде өтетін айтыстың 1-күні немесе туры басталды. Ертең түстен кейін Алатау дәстүрлі театрында жалғасын таппақ. Айтысқа деген шынайы да нағыз көңілі болмаса, осындай батырлықты Жүрсін ағамыздың істемесі анық. Әркімге шыбын жаны тәтті ғой. Ақылдылығымен абызға айналған ағамыздың бүгінгі бұл қадамын мен ешқандай аңғалдық емес, саф өнерлеріміздің маржаны айтысқа деген махабатының дәлелі деп танимын", - деп жазған кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол Жүрсін Ерманның әлі де толық сауықпағанын айтты.
"Сөйлеген сөзімде "Соңғы 50 жылға жуық жасаған қызметі үшін Жүрсін ағамызға айтыс та, яғни қазақ та қарыздар" дедім. Артық кеттім деп ойламаймын. Қолдарсыздар. Ағамыздың денсаулығы да әлі толыққанды тәуір емес. Дегенмен жігері жұқалмаған. Айтыстың қара нары - Жүрсін Ерманға бақытты да аман-сау ұзақ ғұмыр тілеп қойыңыздаршы. Көп тілегі көл болып, періштелер әумин деп, Жаратқан жарылқасын!" - деп жазған ол.
Айта кетейік, Жүрсін Ерман - ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның "Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба...", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр", "Құстың көлеңкесі", "Ырғай", "Арнадым сізге", "Көктөбедегі кездесулер", "Алыстан және жақыннан", "Гөй-гөй" атты кітаптары бар.
Еске салайық, бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. Сондай-ақ, Швейцарияда емделіп жатқан Жүрсін Ерманның жағдайы белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!