- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жанжалдасып қалған шахматшылар...
Жанжалдасып қалған шахматшылар әлем чемпионатына бірге қатысатын болды
Астанада 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында 2023 жылғы шахматтан әлем чемпионаты өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, жарыста Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова және Бибісара Асаубаева бастаған қазақстандық шахматшылар ел намысын қорғайды.
Ал әлем чемпионы атағына Ян Непомнящий мен Дин Лижен таласады.
Еске салайық, қазақстандық шахматшылар Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік Нью-Делиде (Үндістан) шахматтан Гран-при турниріндегі жағдайға байланысты жанжалдасып қалған болатын.
Блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Instagram әлеуметтік желісінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікті өзімшілдік пен кәсіпқойлығына қатысты қатаң айыптаған жазбасын жариялады. Бұған Жансая Әбдімәлік жауап берген еді. Ол Бибісара Асаубаеваның өзіне қарсы айтқандарына мән бермеуге тырысқанымен, "тойтарыс беретін кез жеткенін" жазды.
Артынша, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович Үндістанда өткен әйелдер Гран-приінің 11 қатысушысына жергілікті ұйымдастырушылар жіберген қателіктер үшін кешірім сұрап, хат жолдады. Қазақстандық Жансая Әбдімәлік хат жолданған шахматшылар қатарында жоқ.
Бұл жайтқа қатысты Қазақстан шахмат федерациясы да пікір білдірді. Олар осы турнирге қатысты барлық мәселе ФИДЕ мен Үндістандағы турнирді ұйымдастырушыларының құзырында екенін атап өтті.
Кейіннен Бибісара Асаубаева Үндістанда болған жағдайға қатысты тағы да пікір білдіріп, мәселеге нүкте қойғандай болды.
Айта кетейік, қазір Бибісара Асаубаева Нью-Делидегі өтіп жатқан Гран-приде 5 ұпаймен көш бастап келе жатыр. Ал қытайлық гроссмейстер 4½ ұпаймен 2-орында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан