Атырау облысында жоғалған отбасы: алдымен Наурыз, кейін қалғандары өлтірілген

Атырау облысында жоғалған отбасы: алдымен Наурыз, кейін қалғандары өлтірілген
Фото: ІІМ

Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасының ісіне қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап. 

Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев жалғыз әрі саналы түрде әрекет еткен, сараптама оның есі дұрыс деп таныған.

Облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, күдікті Наурызды 2025 жылы мамырда өлтірсе, ал қалған отбасы мүшелерін қарашада өлтірген.

Сарапшылар марқұмдардың денесінен алтыдан аса пышақ жарақатын анықтаған. Пышақ жарақаты ас үй пышағымен мойын мен кеуде тұсына салынған.

Айта кетейік, марқұмдардың туыстары ашық сотты талап етіп отыр. 

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget