- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жанға жайлының бәрі...
Жанға жайлының бәрі бар: Түркістанда түлектер екі бірдей отбасына үй сыйлады
Соңғы жылдары мектеп бітіргеніне 10-20 жыл болған түлектер арасында жақсы үрдіс басталды. Ол - кездесу кешін думандатып тойламай, оның орнына мұқтаж отбасына баспана сыйлау. Солардың келесі бірі - Түркістан облысы, Шолаққорған ауылы мен Таукент кентінде бір емес, екі бірдей мұқтаж отбасына тұрғын үй кілтін табыс етуі. Аудан орталығындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер Шолаққорған ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасына жаңа баспананы тарту етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі іске ұйытқы болған түлектерге жылы лебізін арнап, баспана иесін қоныстойымен құттықтады.
"Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту - адамгершіліктің белгісі. Қайырымды болу - адамның болмысына біткен ізгі амал. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөлене білген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін" деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы игі іске ұйытқы болған түлектер мен ауданның білім саласының даумына айрықша үлес қосып, үлкен ағартушылық және тәрбие жұмысын жүйелі түрде жүргізе білген жетекшілерін арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Аудан орталығынан берілген үйдің бірі су жаңа, енді салынып біткен. Жер телімі - 15 сотық. Ас бөлмесі мен үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Арнайы шарбақпен қоршалған. Қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан азаматтар мектепті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай осы игі істі қолға алуды жөн көріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған. Жақсы іске жанашыр, ізгі ниетті, ақ тілеулі азаматтар көпбалалы, жалғызбасты анаға көпқабатты тұрғын үйдің бірінен пәтер кілтін табыстап, қуанышқа бөледі. Жаңа үйде жанға жайдың бәрі бар. Қажетті жабдықтарымен қоса алынған. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Айта кетейік, игі шараны қолға алған азаматтар үй егелерін өздері нақтылаған. Яғни, қандай да бір әкімдік не біреулер делдал болмаған. Баспана егелері ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерлерді паналап келген. Бүгінгі күндегі қуаныштарын жасыра алмай, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы