- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Железноводск лагерь жәндіктер
“Жәндіктер қаптап кеткен“. Железноводскіге лагерьге барған балалар шұғыл елге қайтады
Железноводскідегі лагерьде жәндіктер көбейіп, демалуға барған құлсарылық балалар елге қайтатын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
27 қазанда кеште Құлсарыда балаларын лагерьге жіберген ата-аналар наразылық танытып, аудандық әкімдік ғимаратының алдына жиналды.
"Балаларымыз Железноводскіге лагерьге кеткен болатын. Бармай жатып, "кері қайтамыз" деп жатыр. Жататын жерлерінде тарақан толып кеткен", - дейді ата-аналар.
Мәселеге қатысты облыстық білім басқарма басшысы Марат Әбуов пікір білдірді.
"26 қазан мен 4 қараша аралығында "Қазақстан Геологы" емдеу пансионатында демалу үшін Жылыой ауданы Құлсары қаласының 174 (113 ұл мен 61 қыз) оқушысы жіберілген болатын. Балалар 27 қазанда сағат 22:00 шамасында пансионатқа жеткен еді. Алайда сол күні ауа райына байланысты орман ағаштарында болатын жәндіктер көбейіп, пансионат ғимаратының ішіне тараған. Қазір ғимаратты жәндіктен тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдайға байланысты балаларды шұғыл кері қайтару жұмыстары ұйымдастырылды", - деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова