- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ерболат Мұхамеджан
“Жаңбыршин өзін төмендетті“. Белгілі экономист “абориген емеспіз“ деген депутатты сынап тастады
Белгілі экономист, қоғам белсендісі Ерболат Мұхамеджан желіде дау туғызған депутаттар арасында болған кикілжіңге қатысты ойын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
Жаңбыршин не бүлдірді?
Ерболат Мұхамеджан жазбасында Үкімет сағатында Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостерге айтқан Еділ Жаңбыршиннің сөзіне шүйлікті. Ол депутаттың кәсіби мәдениеттілігін сынады. Экономист сөзінше, депутат эмоцияға беріліп, негізгі мәселені назардан тыс қалдырды.
"Мәжіліс депутаты "біз африкалық аборигендер емеспіз" деген мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырып, халықтың назарын тек осыған аударды. Ал әуе саласындағы негізгі мәселелер назардан тыс қалды. Қателеспесем, бұл бірінші рет емес. Мұндай риторика қаншалықты орынды және кәсіби? Менің ойымша, этика мен кәсібилікке сын. Депутат халықтың өкілі ретінде әр сөзін ойланып айтуы тиіс", - деп жазды ол.
"Кәсібиліктің жетіспеуін көрсетеді"
"Біз африкалық абориген емеспіз" деген Еділ Жаңбыршиннің сөзі көптің назарын аударды. Ал Ерболат Мұхамеджан бұл сөзді басқа халықты кемсіту ретінде қабылдағанын айтты.
"Біз африкалық аборигендер емеспіз" деген сөз - Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл сөз кейбір халықтарды төмендету ретінде қабылдануы ықтимал. Сондай-ақ Елеусізовпен болған жағдай депутаттың этикалық нормаларды сақтамағанын айғақтайды. Менің ойымша, депутаттың басты міндеті - халықты тыңдап, конструктивті диалог жүргізу. Эмоцияға беріліп, қарсыласты кемсітетін сөз айту, мейлі ол басқа депутат болсын, мейлі қоғам қайраткері болсын, кәсібиліктің жетіспеуін көрсетеді", - деп қосты экономист.
"Депутаттар абай болуы тиіс"
Сондай-ақ экономист Парламентте пікірталас мәдениетін қалыптастыру өте маңызды екенін қосты. Оның сөзінше, Ұлыбритания немесе Жапония секілді дамыған елдердің тәжірибесінде депутаттар эмоциясын бақылап, сөздерінің салдарын ескеріп отырады. Ерболат Мұхамеджан Қазақстан депутаттарына да риторика мен этика ережелерін сақтау арқылы саяси мәдениетті дамыту қажеттігін айтты.
"Парламенттік жұмыс фактілерге негізделген, дәлелді және конструктивті пікірталастарды талап етеді. Ашуға берілген депутаттың сөзі кейде мәселенің маңызын төмендетіп жіберуі мүмкін. Жоғарыда жазғанымдай, халықтың арасында тек депутаттың Фостерге "күлмеңіз, африкалық аборигендер емеспіз" дегені талқылануда. Негізгі мәселелер осындай эмоциядан кейін тыс қалды. Депутаттар қоғамдық мәлімдеме жасағанда абай болуы тиіс. Халықаралық және ішкі аудитория алдында құрмет пен бейтараптықты сақтау - кәсіби саясаткердің маңызды қасиеті деп есептеймін", - деп түйіндеді ол жазбасын.
Еске салайық, 23 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ашық мәлімдеме жасады. Қоғамда оның Air Astana басшысы Питер Фостерге қарата айтқан "біз абориген емеспіз" деген сөзі қызу талқыға түсті. Депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостерге "шаңыраққа қараңыз" деп ескерту жасаған еді. Кейін Жаңбыршин өзін сынағандарға жауап берді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Литпин