Ұлытауда балабақшаның төбесінен су ағып тұр. Тәрбиешілер төбеден аққан суға шелек қойып, бүлдіршіндерді бағып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, оқиға Сәтбаев қаласындағы "Айналайын" балабақшасында болған. Ойын залындағы су тамып тұрған шелектердің айналасында үрпиіп отырған бүлдіршіндерді ата-аналар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады.
Олар әбден тозған білім мекемесін жөндеуді сұрайды. Ұлытау облыстық білім басқармасы басшылығының мәліметінше, қалада тозығы жеткен үш балабақша бар. Солардың бірі "Айналайын" балабақшасы бұрын "ҚазақМыс" корпорациясының қарамағында болған. 2015 жылы ғана жергілікті білім бөліміне берілген. Мекеме ғимараты әбден ескірген. 4 жыл бұрын қаржы аз бөлінгендіктен шатыры жартылай ғана жөнделіпті.
"Балабақшаның жартысына су ағады. Әсіресе жаңбыр жауған кезде. Сондықтан біз ойын залына баратын топтардың кестесін өзгерттік. Шатырды толығымен жөндеу керек. Биыл балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжатына байқау жарияланды. Осы құжат бекітілген соң күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы жасалып, ақша бөлінеді", - дейді облыстық білім басқармасының жетекшісі Сапура Түлекова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!