- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жаңбыр кінәлі". Өскеменде...
"Жаңбыр кінәлі". Өскеменде жазда ғана жөндеуден өткен көпірдің тіреуіші қыс басталмай жатып қирап жатыр
Өскеменде жазда ғана жөндеуден өткен көпірдің тіреуіші қыс басталмай жатып қирап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Ал бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп қайта қалпына келтірілген өткелдің бұзылуына әкімдіктегілер басқаны емес, ауа райын "кінәлайды". Олардың сөзінше, көлік жүретін көпір толыққанды жөнделген. Тек, толассыз жауған жауынның кесірінен Үлбі өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, көпірдің тіреуіштерінің бірі құлаған.
Шенеуніктер оны тұрғындардың өздері хабарлаған соң бір-ақ біліпті. Қазір көпірдегі қозғалыс шектелді. Ал өндіріс аймағында жұмыс істейтін адамдар діттеген жерлеріне айналма жолмен жетіп жүр. Өскемен қаласында жарты жыл бұрын жөнделген көпірдің тіреуіші құлады. Өндіріс аймағы мен қаланың екінші бөлігін жалғап жатқан өткелдегі ақауды тұрғындардың өздері байқапты. Осыдан кейін ғана полиция көпірді дереу жапқан. Ал, арғы беттегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұрт енді айналма жолмен жүруге мәжбүр.
"Бірнеше күн қатарынан тоқтаусыз жауған жаңбыр әсерінен Үлбі өзеніндегі су деңгейі бірнеше есе жоғарылап, көпір қауіп төндіріп тұр. Сондықтан, автокөліктер қатынасы үшін өткел 2 қарашадан бастап жабылды", - дейді Өскемен қаласы полиция бөлімінің бастығы Сергей Коваленко.
Көпірді ұстап тұрған 9-тіреуіштің біреуі құлаған. Бір бағанасыз қалған өткелдің енді қашан орнына келері белгісіз. Белгілісі көпірдің жолы осы жазда ғана жөнделген. Асфальтты ауыстыру үшін бюджеттен 20 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бірақ, жолмен әуре болған жауаптылар оның негізін қалыпқа келтіруге бас қатырмаған сыңайлы.
"Иә, биыл жөндеу жұмыстары өтті. Көпірдің үстіңгі бетін асфальтпен жауып шыққан едік. Себебі, беткі қабаты бұзылған болатын. Бірақ, бұл жөндеудің қазіргі апатқа ешқандай да қатысы жоқ. Оған әсер етуі мүмкін емес. Көпірдің тіреуішінен ақауға 5 күн тоқтамай жауған жаңбыр себеп", - дейді Өскемен қаласы ТКШ бөлім басшысының орынбасары Ержан Ибраев.
Айта кету керек, бұл Өскемендегі тозығы жеткен көпір 1987 жылдан бері бүлініп жатыр. Бұл жолы да қозғалысы шектелген аумақтың қашан ашылары әлі белгісіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина