Жаңбыр, қар, көктайғақ: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?

Синоптиктер Қазақстан бойынша 5-7 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Ел аумағында жауын-шашынсыз ауа райын қалыптастырған антициклон шегініп, оның орнын солтүстік циклонның терең ойығы басады. Соның әсерінен алдымен батыста, кейін Қазақстанның басқа өңірлерінде күн райы бұзылады.

Алдағы үш күнде жаңбыр жауып, солтүстік аймақтарда жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түседі. Кей жерлерде көктайғақ болуы ықтимал.

5-6 қарашада батыс және солтүстік-батыс өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын болжанады. 6 қарашада еліміздің оңтүстігі мен орталығында нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.

Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Ауа температурасы қандай болады?

Батыста түнде 0...+7, күндіз +3...+14 градус болады. Солтүстік-батыста түнгі температура -1...-8, күндіз +1...+15 градус шамасында болжанады.

Солтүстік және орталық өңірлерде түнгі температура -3...-8 градустан +1...+6 градусқа дейін көтеріледі. Күндіз ауа температурасы +5...+13 градустан +1...+10 градусқа дейін төмендейді.

Шығыста түнгі температура -3...-8 градустан 0...+5 градусқа дейін жоғарылайды. Күндіз +3...+8 градустан +7...+12 градусқа дейін жылынады.

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.