Жаңбыр, бұршақ және үсік: Қазақстанда жаздың соңғы күніне дауылды ескерту жарияланды

"Қазгидромет" 31 тамызға Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жариялады. Елдің кей аймақтарында жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел мен тұман күтіледі. Кей жерлерде үсік жүруі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

31 тамызға қараған түні және таңертең Ақтөбе облысының солтүстігінде тұман түседі. Облыстың солтүстік-шығысында, солтүстік-батысында және орталығында жоғары өрт қаупі, ал жалпы өңір бойынша төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні облыстың солтүстік-батысы мен оңтүстігінде секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Батыс пен солтүстікте төтенше, орталықта жоғары өрт қаупі сақталады.

31 тамыз күні Ақмола облысының солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең батыс пен солтүстікте тұман түседі. Ал Көкшетауда түнде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.

Атырау облысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Түнде және таңертең Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Өңірде төтенше өрт қаупі, ал солтүстік-батыста жоғары өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының солтүстігі мен таулы аудандарында түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік пен орталықта шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні кей аудандарда секундына 18-23 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.

Алматыда күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Түнде және таңертең батыс пен солтүстікте тұман күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Жетісу облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз жаңбыр күшейіп, таулы жерлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні кей уақытта секундына 23-28 метрге дейін жетеді.

Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында түнде жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Күндіз солтүстік, оңтүстік және орталықта қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында түнде жаңбыр жауады, кей жерлерде жауын күшейеді. Күндіз де жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді.

Түркістан облысының таулы аудандарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысында солтүстік және солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының оңтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні кей уақытта секундына 23 метрге дейін жетеді.

Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні таулы аудандарда секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін жетеді.

Павлодар облысының солтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі.

Қызылорда облысының орталығы мен оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік және солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз