Ақтөбеде көшелер суға кетіп жатыр. Сондықтан тұрғындар су кешіп жүруге мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі екі күнде күн жылынып, қар еріп, қала көшелерін су басты. Қыстан қалған қарды мердігер мекемелер толық шығарып үлгермеген. Соның зардабын халық тартып жатыр. Көше суға толып, көліктер "жүзіп" жүр. Тұрғындар көктем басталса көретін күні осы екенін айтады.
Қала іргесіндегі Ақжар-2 шағынауданында тұратын Айдын Құламанбаев қыстай қар тазартылмағанын айтты.
"Көктем басталса, қиындық көреміз. Көліктер қар аралас суға батып жатыр. Қазір асты мұз, ертең қатты еріген кезде балшықққа айналады. Көліктен түк қалған жоқ. Жұмысқа шыға алмай отырмыз. Баланы балабақшаға, мектепке апара алмай отырмыз. Такси мүлде келмейді. Жаяу бару мүмкін емес. Қыстай қар аршылған жоқ. Қанша рет айттық, жанайқайымызға ешкім құлақ аспайды", - дейді Айдын Құламанбаев.
Бұл - қаланың іргесінде аудандағы жағдай. Ал қала ішінде көшелер суға толған. Тұрғындар баратын жеріне әрең жетіп жүр. Халық жанайқайын әлеуметтік желі арқылы да жеткізіп, сурет пен видео жүктеп жатыр. Мәселен, қаланың Тургенев, Маресьев, Қонаев, Сәтбаев көшелерінде жүру мүмкін емес. Әсіресе, қарт адамдар мен балаларға қиын. Тұрғындар көше жиегінде суағар жоқ екенін айтады. Тиісті орындардың осы мәселеге назар аударуын сұрайды.
Ал Ақтөбе қалалық әкімдігі мәліметіне сүйенсек, қалада жаппай қар шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға 150 адам мен 227 техника жұмылдырылған. Бірінші кезекте Құрмыш, Мәскеу, Шанхай секілді су басу қаупі бар аудандардың қары шығарылып жатыр екен. Қыс басталғалы 182 000 текше метр қар шығарылған.
Сондай-ақ, көшелердегі еріген қар суларын тазарту жұмыстары да тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Қазір қалада су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеп жатыр. Су көп жиналатын жерлерде 74 ассенизатор іске қосылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!