Әлеуметтік желіде 13 сәуірге қараған түні Түркістан облысында тұрғындар жанармай қымбаттауына байланысты митингіге шыққаны туралы видео тарады. Алайда полиция бұл ақпарат жалған екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараған ақпаратқа байланысты оқиға орнына түнгі сағат 4.30-да барған Сайрам ауданы құзырлы органдары бұл жағдай жалған екенін анықтаған. Яғни 12 сәуірде автожарыс ұйымдастырылған. Бұл жайтты полицейлер анықтап, оларды үйіне таратқан.
Полицейлер Түркістан облысындағы Батыс Қытай - Батыс Еуропа тасжолындағы заңсыз автожарыс өткізілген жерден митинг өткізілгені туралы жалған ақпаратты видеоға түсіріп, таратқан Сайрам ауданының екі тұрғынын анықтаған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!