Астанадағы жанармай құю бекетіндегі дүкен сатушысының ашулы клиентке қатысты наразылығы жоқ. Мұндай ақпаратты Астана ІІД баспасөз қызметі таратты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері жанжалдың себебін анықтады. Талқылау кезінде жанармай құю бекетінің кассирі арызданудан бас тартып, ер адамға қатысты наразылығының жоқ екенін айтты", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада ер адамның жанармай құю бекетіндегі кассир қызға қоқан-лоқы көрсеткен сәтінің видеоға түсіп қалғаны хабарланған. Оқиға Астана қаласында 22 қыркүйек күні таңғы бесте болды. Бейнебақылау камерасына түсірілген видеоны Instagram желісіне кассир келіншектің құрбысы салыпты. Сөйтсе, ер адам кассадан сағыз сатып алу арқылы ақшасын майдалатқысы келген екен. Алайда майда ақша болмағандықтан кассир оған майдалап бере алмайтынын айтады. Бұл уақытта ер адам қызға сағызды лақтырып жіберіп, былапыт сөз айтады. Осы кезде олардың қақтығысына оператор араласады.
Оқиғадан кейін кассир полиция жасағын шақырды. Алайда тәртіп сақшылары қыздың берген арызын қабылдамаған. Куәгерлердің айтуынша, олар ашулы клиенттің жанармай құю бекетінен қандай көлікпен кетіп қалғанын есінде сақтаған.