Маңғыстау облысында Toyota Camry көлігі екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол апатынан 58 жастағы әйел қаза тауып, 69 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 6 қарашада сағат 21:30 шамасында 29А шағынауданындағы Qazaq Oil жанармай құю бекетінің маңында болған.
Полиция мәліметінше, Атамекен ауылы бағытында келе жатқан Toyota Camry жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан екі адамды қағып кеткен.
Оқиға куәгерлерінің бірі дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер жеткенше 58 жастағы әйел алған жарақаттарынан көз жұмған.
Ал 69 жастағы ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз