"БерӘлі Маңғыстау Сompany" мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жалғасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ҚазМұнайГаздың" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
11 сәуірден бастап Астанада арнайы комиссия жұмысын бастады, оның құрамына Энергетика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ өкілдері, сондай-ақ 10 адамнан құралған БерӘлі компаниясының белсенді тобы кірді.
Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 3 отырыс өткізген.
1. БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің басты талабы - "Өзенмұнайгаз" АҚ штатына жұмысқа орналасу. Бастамашыл топқа бұл шарттың мүмкін еместігі айтылды. Ұйымға жұмысқа кезекте 9 мың адам тұрғаны атап өтілді. Олар қабылданған алгоритмдерге сәйкес бастапқыда коммуналды компанияларда жұмыс істейді, әрі қарай бос жұмыс орны пайда болғанда кезек бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ-қа жұмысқа тұрады. Келіссөз жүргізушілердің бұл талабы қала тұрғындарының мүдделері мен құқықтарына қайшы келеді.
2. Сатып алу қызметін ұзақ мерзімге белгілеу мәселесі бойынша ҚМГ өкілдері "3+2" схемасы бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін білдірді. Ол бойынша келісімшарттар қосымша 2 жылға ұзарту құқығымен 3 жылға жасалатын болады.
3. Жекелеген мәселелер бойынша БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерінің талаптары өзгерді: атап айтқанда, жерасты жөндеу жұмыстарының қосымша көлемін "Бұрғылау" және "МұнайФилдСервис" жеке компанияларына беріп, БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерін осы компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі айтылды. Алайда, алдын ала келіссөздерден кейін аталған компаниялардың басшылығы өз бригадаларының толық жүктелмеуіне байланысты мұндай қызмет түрін көрсетуге қызығушылығы жоқтығын мәлімдеді.
4. Еңбекті қорғау және ұйымдастыру жағдайлары, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын (БТБА) қолдану және тендер рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша тәуелсіз комиссия құруды мемлекеттік орган өкілдері қарастыруға және комиссияның күн тәртібі мен құрамын мүдделі органдармен келіскеннен кейін жауабын беруге дайын екенін мәлімдеді.
5. Бұдан бөлек, ҚМГ өкілдері БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің барлығын осыған дейінгі жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, конкурс нәтижесінде жеңімпаз болған компанияға жұмысқа орналастыруға дайын екендігін растады.
"ҚазМұнайГаздың" баспасөз қызметі қазіргі уақытта жоғарыда аталған мәселелерді талқылау жалғасып жатыр және тараптар қолданыстағы заңнамаға сай келісімге қол жеткізуге мүдделі екенін атап өтті.
Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған.
Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.
Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!