- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңаөзендік жұмысшылардың мәселесіне...
Жаңаөзендік жұмысшылардың мәселесіне қатысты өңір басшысы пікір білдірді
Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жаңаөзендік жұмысшылардың жағдайына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналист жаңаөзендіктердің "қайтадан Астанаға жиналамыз" деген үндеуін жеткізді.
"Қазіргі таңда Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында қызмет көрсететін 1192 компанияның 57-сі осындай жағдайға тап болды. Яғни тендерге қатысқан мекеме ұтылып қалып, басқа мекеме ұтып алды. Соның 57 компаниясында ҚазМұнайГаз-дағы әріптестеріміздің қабылдаған шешімдерінің арқасында 3 мыңнан аса адам жеңімпаз компанияға ауысты. Бұрын қызмет еткен жерлерінен төмен емес. Осы шаралар Жаңаөзендегі азаматтарға да қатысты. Тендерде жеңген компанияның штатына бару туралы ұсынысты олар қабылдамады. Себебі кезінде олар мекемеден шыққан болатын. Даумен шығып кетті, шынын айтқанда. Келісімшартты ұзақ жылдық мерзімге жасақтау жөніндегі мәселені ҚазМұнайГаз компаниясымен "Самұрық Қазынамен" бірлесіп отырып шешті. Бұл жұмыстарды орындау үшін 1 жылға, яғни 4 жылға ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға шешім қабылдады", - деді әкім.
Еске салайық, 10 сәуірде Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастаған болатын. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Артынша жаңаөзендік мұнайшылардың жұмыссыз қалуына қатысты арнайы комиссия жұмысын бастаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова