Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі - Басқарма төрағасы жаңа мәліметтерді бөлісті

Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі - Басқарма төрағасы жаңа мәліметтерді бөлісті
Фото: Коллаж: sknews.kz, sputnik.kz

"ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасы Асхат Хасенов "ӨзенМұнайГаз" компаниясындағы қазіргі жағдай туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Баспасөз өкілдерімен кездесу барысында Хасенов Жаңаөзендегі ереуілдің компанияға тигізіп жатқан шығынын атады.

"Шығын әртүрлі, бірақ шамамен тәулігіне 100 тонна (мұнай - ред.) құрайды. Біз сонша көлемді жоғалтып отырмыз. Кейбір мәселелер бар, бірақ негізгі техника мен негізгі бригадалар бүгінде жұмысқа кірісті. Сондықтан біз өндірісті тез арада қалпына келтіріп жатырмыз", - деді Хасенов брифингте.

Компания басшысы "ҚазМұнайГаз" басшылығы ереуілшілермен диалогқа дайын екенін жеткізді.

"Біз бәрін жұмысқа шығуға шақырамыз. Бұл - бірінші мәселе. Екіншіден, адамдар дұрыс емес ақпарат алып жатыр. Егер ақпарат дұрыс жеткізілсе, соның ішінде БАҚ арқылы, онда санкцияланбаған акцияларға еш себеп болмайды деп ойлаймын. Өңірлердегі басшылар, кәсіподақ мүшелері жұмысшылармен күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде жағдайды түсініп, жұмысқа оралып жатқандар бар", - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Хасенов қанша адамның ереуілді жалғастырып жатқанын айтты.

"Бүгінгі таңда 141 адам жұмысқа шыққан жоқ. Ал қалған 4630 адам жұмыс орнында", - деп түйіндеді Асхат Хасенов.

Еске салсақ, 2024 жылдың қараша айында "ӨзенМұнайГаз" жұмысшыларының бір бөлігі жалақыны көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша ереуілге шыққан болатын. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет