"Жарылысқа көршімізді кінәлі қылмақшы" деген тұрғындар мен марқұмдардың туыстары әкімдікке жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарылыс болған үйдің тұрғындарының айтуынша, сарапшылар бірінші қабаттағы 7-пәтерде газ ашық қалып, жарықты қосқанда жарылыс болды деп шешім шығарған. Бірақ, жұрт мұнымен келіспейді. Себебі жарылыс жертөледе болыпты. Сондықтан олар тергеуді қайта жүргізуді талап етті.
7-пәтердің иесі Баймағамбет Доскарин де өзіне тағылған айыппен келіспейді. Жарылыстан оның денесінің 46 пайызы күйіп қалған.
"Мен асты түсте және кешке қарай ішемін. Басқа уақытта газ жабық тұрады. Үйде менен басқа ешкім тұрмайды. Жарылыс таңғы 4 те болған ғой. Біздің үйден газ кетсе, бірінші мен өлмеймін бе? Бірінші менің пәтерім ортасына түспей ме?" - дейді Баймағамбет Доскарин.
Тұрғындар жарылыстың құбыр ауыстыру жұмыстары кезінде жіберілген қателіктің салдарынан болғанына сенімді.
"Жерді қазғанда 560 миллиметрлік құбыр шықты. Ал оның астында кішкентай 50-лік құбыр жатыр. Он есе кішкентай құбырдың үстінен үлкен құбыр өткізген. Ол салмақты көтере алмай жарылып, газ содан кеткен", - дейді қала тұрғыны Нұрлан Исатаев.
Ал, әкімдіктегілер тергеудің әлі аяқталмағанын айтады. Бірақ, осы уақытқа дейін сараптама жасаған мамандар жер астындағы құбыр ақауы мен жарылыстың байланысын таппаған.
"Мамандардың алдын ала болжамдары бойынша газ жертөлеге жинақталған. Ол құбыр мұржалары арқылы, канализацияның мұржалары арқылы жоғарғы этаждарға жиналған дейтін қорытынды бар. Үйдің жарығын қосқан кезде осындай жарылыс болғаны анықталып отыр. Бірақ енді құрылыс орнынан табылған газ бен үйдің арасындағы қатынасын таба алмады", дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев.
Жәбірленуші тараптың шағымынан соң, әкімдік Астанадан дербес сараптама орталығынан мамандар шақыртып жатыр. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігіне хат жолдаған.
Айта кетейік, 17-сәуір күні Жаңаөзен қаласы, 2-шағынаудан, 51 үйде газ жарылып, төрт пәтер жермен-жексен болды. Төтенше оқиғаның салдарынан 6 адам қаза тапты. Тағы 11 тұрғын зардап шекті.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!