Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен 13 адам ауруханаға түсті. Соның ішінде 29 жастағы ер адам қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық аурухананың баспасөз қызметі мәліметінше, екі адам жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр, бірінің 80 пайыз, екіншісінің 50 пайыз денесін күйік шалған. Басқа адамдардың жағдайы қанағаттанарлық.
Оқиға орнына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та барған. Үйіндіні аршу, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, оқиға 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша газ жарылғаны хабарланды. Ал салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған.
Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан 11 адам зардап шеккені хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!