Жаңаөзендегі ереуіл: “ҚазМұнайГаз“ мәлімдеме жасады

Жаңаөзендегі ереуіл: “ҚазМұнайГаз“ мәлімдеме жасады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының кейбір жұмысшылары ереуілге қатысып жатқан "Өзенмұнайгаздағы" жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы 12 қарашада "Өзенмұнайгаз" АҚ-ға қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасы (БЖБ) қызметкерлерінің кәсіподағы рұқсатсыз акция ұйымдастырып, бірқатар талап қойды. 2024 жылы 3 желтоқсанда "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға шақырды.

Келіссөз қорытындысы бойынша хаттама жасалды: 

  • Рұқсатсыз акцияға қатысқан БЖБ қызметкерлері толық құрамда жұмысқа шығуы керек. 
  • Хаттаманың бірінші тармағы орындалған жағдайда жұмысшыларға ҚМГ және ӨМГ тарапынан тәртіптік жаза қолданылмайды;
  • Барлық қойылған талап ҚР заңнамасына сәйкес бітімгерлік комиссия отырысында қаралсын.

"Хаттама рұқсатсыз акцияға шыққан жұмысшылардың назарына жеткізілді. Алайда ӨМГ БЖБ кәсіподақ төрағасы оған қол қоюдан бас тартты. "ҚР заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз, тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуі тиіс екенін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ осыған дейін әр талап бойынша толық түсініктеме берген.

"Мысалы, ӨМГ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады. Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады", - деп хабарлады компания.

Сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" компаниясы ӨМГ қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат берді.

"ӨМГ мен үш кәсіподақ арасындағы ұжымдық шарт 2024 жылы 25 сәуірде жасалды. Ұжымдық шартқа сәйкес ӨМГ қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 44 млрд теңге қарастырылған, соның 5 млрд теңгесі (11%) компанияның Бұрғылау жұмыстары басқармасына арналған. ӨМГ-де жақсы еңбек жағдайы жасалған деп есептейміз, әрбір қызметкерді әлеуметтік қолдауға жыл сайын 3,8 млн теңге бөлінеді. БЖБ жұмысшыларын жұмысқа шығуға және келіссөзді бітімгерлік комиссия аясында жүргізуге шақырамыз", - делінген хабарламада.

2024 жылғы қарашадан бастап "Өзенмұнайгаз" жұмысшылары рұқсатсыз ереуілге шығып, бірнеше талап қойды. Олардың ішінде негізгісі – зейнеткерлердің балаларына жұмысқа орналасу басымдығын беру, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қолдауды ұлғайту. Бұл талаптар компания тарапынан қолдау таппаған соң, наразылық жалғасып отыр. "ҚазМұнайГаз" басшылығы тараптарды бітімгерлік комиссия аясында келіссөздер жүргізуге шақырды, бірақ бұл бастама нәтиже бермеді.

Жаңаөзен аймағы еңбек даулары жиі болатынымен белгілі. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы жұмысшылардың әлеуметтік теңсіздікке қатысты наразылығынан туындаған еді. Сол оқиғадан бері еңбек қатынастары жүйелі түрде шиеленісіп келеді.

"Өзенмұнайгаз" АҚ – Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ең ірі компаниялардың бірі, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес ұйымы. Компания Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында орналасқан және Өзен мен Қарамандыбас кен орындарын игерумен айналысады. Қазіргі таңда компанияда 9 000-нан астам адам жұмыс істейді. Компанияның жалақысы туралы мәлімет ашық дерек көздерінде мәлімет жоқ, бірақ аймақтағы басқа мұнай өндіруші кәсіпорындармен салыстырғанда жоғары екені айтылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан