Жаңаөзенде үш қойма мен екі жүк көлігі өртенді

Жаңаөзенде үш қойма мен екі жүк көлігі өртенді
Фото: видео кадры

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы өнеркәсіптік аймақта өрт шығып, үш қойма ғимараты мен екі жүк көлігі отқа оранды. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар желіге тарады, деп хабарлайды Massaget.kz өңірлік ТЖД-ға сілтеме жасап.

Өрт өткен түнде қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағында болды. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері келді.

"2026 жылғы 16 қарашада сағат 02:52-де Солтүстік өнеркәсіптік аймақ, 7Б учаскесі мекенжайында орналасқан "Алатау" базасының аумағында өрт шықты. Тілсіз жау жеке тұрған үш қойма ғимаратын, екі "Газель" автокөлігін және алты тонна дизель отынын шарпыды. Өрттің алдын ала аумағы 300 шаршы метрді құрады, аумақтың жалпы ауданы - 2 000 шаршы метр", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

ТЖМ мәліметінше, өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД-ның ондаған қызметкері мен техника жұмылдырылды.

Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан өрттің ауқымы мен шұғыл қызметтердің жұмысын көруге болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай
Logotype Massaget