Жаңаөзенде бүгін таңертең жолды жауып тастағаны үшін ұсталған 24 адам босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұсталғандармен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
"Жаңаөзенде жүріс бөлігін жауып тастағаны үшін ұсталған 24 адам осындай заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін үйлеріне жіберілді", - делінген Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған.
Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.
Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.
Ал бүгін таңертең Жаңаөзенде бір топ адам қала тұрғындарының көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолды жауып тастаған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!