Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаратын зауыт құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бастамасымен бірнеше ай бұрын Жаңаөзенде жаңа зауыттың іргетасы қаланған болатын.
Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіретін зауыт салу жұмыссыздық мәселесін шешуге және мұнайлы қаладағы өндіріске қажетті жабдықтарды жергілікті жерде өндіру тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Зауыт құрылысы жауапкершілігі, яғни тапсырыс беруші міндеті мұнай-газ кәсіпорындарының қажеттіліктері үшін мұнай кәсіпшілігі мен химиялық жабдықтардың тұтас желісін шығаратын Маңғыстау облысының жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірі – "Қаскор Инжиниринг" ЖШС-ның құзырында.
Компания локализация бағдарламасы аясында 2023 жылы сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангалары өндірісін Жаңаөзен қаласында зауыт салып, көшіруге шешім қабылдады. 34 жыл өтілі бар, оның ішінде сорғы штангаларын өндіруде екі жыл, пеш дайындауда он алты жыл және сорғы-компрессорлық құбырлар өндіруде тоғыз жыл тәжірибесі бар компания жаңа зауытқа 17,3 млрд теңге инвестиция тартып отыр. Зауытқа басым бөлігі Жаңаөзен қаласының тұрғындары болып табылатын 300-ге жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Қазіргі таңда қаладағы №1 өндірістік аймақта жалпы ауданы 12 га құрылыс аумағында зауыт құрылысы бастау алған. Құрылысқа қажетті барлық инфрақұрылымдық жабдықтаулар мен жеткізулердің дер кезінде жүзеге асырылуы нәтижесінде бас мердігер "М-СтройТранс" компаниясының жұмысшылары бақылап-өткізу пункті, асхана, 150 орындық жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған модульдік ғимараттарын монтаждап, зауыт бағаналарын толықтай тұрғызып үлгеріпті.
"Зауыт құрылысының дайындық жұмыстары, инфрақұрылым жеткізу жұмыстары биыл сәуір айында басталды. Құрылыс аумағында қазір "ASM" және "Отан-инжиниринг" атты екі компания мердігерлік жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмысты жоспарланған мерзімде аяқтау міндетіміз, сол себепті бақылап-өткізу пункті, асхана, жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған модульдік ғимараттар құрылысы аяқталды", – деді "М-СтройТранс" компаниясының учаске басшысы Жеңіс Тукаев.
Ғимаратта еден төсеп, жақтауларды орналастырып жүрген жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Олардың бірқатары құрылыс нысанында қонып, ал кейбіреулері Жаңаөзен қаласынан қатынап жұмыс істейді.
"Жұмыс қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Өз міндетімізге сай сапалы қызмет көрсетіп, құрылысты мерзімінде тапсыруды жоспарлап отырмыз", – дейді "Отан-инжиниринг" компаниясының прорабы Ербол Көпжасаров.
Құрылыс алаңында техникалық көліктер ауыр темір қондырғыларды тіктеп тұрғызуда. Бір бригада күніне он темір бағананы орнатып үлгереді екен. Жоспар бойынша төрт бригада толық жинақталып, іске кіріскен кезде жұмыс қарқыны артады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!