Жаңаөзендегі ауруханада 29 жастағы дәрігер-терапевт пышақ жарақатын алып, көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 28 қаңтарда Жаңаөзенде пышақ жарақатынан 29 жастағы ер адам қайтыс болған.
"Адам өлтіру дерегі бойынша күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қақтығыс ер адамдар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде шыққан. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындады", - деді полиция.
Бұл дерекке қатысты полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Қазір барлық мән-жайды жан-жақты, толық зерттеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полиция.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз