- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңаөзенде бір топ...
Жаңаөзенде бір топ адам жолды жауып тастады - полиция
Бүгін таңертең Жаңаөзенде бір топ адам қала тұрғындарының көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолды жауып тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қоғамдық қауіпсіздікті және көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері оларды профилактикалық әңгіме жүргізу үшін Жаңаөзен қаласы полиция басқармасына жеткізді. Мұндай іс-әрекет ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтың 614-бабы (Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру) бойынша шара қолдануға және ол 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауаптылыққа әкеп соғады", - деді полиция қызметкерлері.
Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимараты маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған.
Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.
Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек