Жаңаөзенде 6 адам қаза тапқан жарылысқа қатысты қорытынды шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Тәуелсіз сарапшылар биыл сәуірде болған оқиғада бір емес, екі апат болғанын анықтады. Олардың алғашқысы 7-пәтердің жертөлесінен, кейінгісі көп қабатты үйден шыққан. Екі ай бойы зерттеу жүргізген мамандар екі жарылыстың арасы екі-ақ секунд деген тұжырымға келді. Жарылыстан көз жұмған тұрғынның інісі Нұрлан Исатаев бұған дейінгі сараптама ұзаққа созылып, түрлі болжам айтылған соң, тәуелсіз сарапшыларға жүгінген. Оның айтуынша, мамандар үйдің жертөлесіне газ қоспасының көп жиналғанын алға тартты.
"48 сағаттың ішінде 16 мың куб шаршы метр газ жертөлеге жиналған. Оның исі әжетханаға жетіп, оттың жалыны жертөлеге түскен", - деді жәбірленуші Нұрлан Исатаев.
Нұрлан Исатаев сараптама қорытындысын қолына алған соң прокуратураға қылмыстық істің бабын өзгертуді сұрап арыз жазған. Құзырлы орган оның арызын назарға алмақ. Сондай-ақ, тәуелсіз сарапшылар газ құбырының үстінен су желісін жүргізу кезінде олқылық болғанын анықтаған.
Айта кетейік, 17 сәуірде Жаңаөзенде екі қабатты үйде жарылыс болып, 6 адам көз жұмған еді. Алайда бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдар әлі нақты шешім шығармады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!