Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, біздер, Жаңаөзендегі "Бұрғылау" жұмысшылары Астанаға әділдік іздеп барған "БерӘлі" бір топ жұмысшыларын босатуды талап етеміз. 2011 жылы "Өзенмұнайгаз" мекемесінде осындай еңбек дауы болып, көптеген адам қаза болды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Маған жалған ақпарат берілді" деп айтқан болатын. Әділдік іздеп отырған жұмысшыларды қамаудан босатып, қудалауды тоқтатып, талаптарын орындауды талап етеміз", - деді жұмысшылар.
Жиылғандардың арасында әйелдер де бар. Олар да жұмысшыларды босатуды талап етіп, үндеу жасады.
Айта кетейік, Желіде Жаңаөзенде интернет пен байланыс нашарлағаны хабарланды.
Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзеннен барған 60-70-ке жуық адам талаптарын айтып, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналды. Бұл мәселеге қатысты "Қазмұнайгаз" түсінік берді.
Ал Үкімет отырысында елордаға келген жаңаөзендік мұнайшыларға қатысты вице-премьер Алтай Көлгінов пікір білдірді. Вице-премьердің айтуынша, бұл келіссөздер процесі де, барлығы да заң аясында шешілуге тиіс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!