Жаңаөзен әкімдігі алдында мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, наразылық акциясын ұйымдастырғаны үшін ұсталған 17 адам босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"2023 жылы 10 мамырда сағат 12:00 шамасында Жаңаөзен әкімдігі ғимаратының алдында қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі тіркелді. Құқық бұзушылармен прокуратура және әкімдік қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналғандар ескертуге қарамастан, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабын бұзып,(Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) наразылық акциясын өткізетіндерін мәлімдеді. Полиция қызметкерлері 17 құқық бұзушыны полиция басқармасына жеткізді. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, кейін үйлеріне жіберілді", - деп хабарлады полиция департаменті.
Еске салайық, 10 мамырда жаңаөзендік жұмыссыз тұрғындар өз талаптарын айту үшін тағы да әкімдікке жиналды. Облыстық полиция департаменті 17 адамның ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
Жаңаөзен әкімі қалада ереуілдерден өзекті мәселелер барын айтып, тұрғындардан өзінің және әріптестерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік беруін өтінді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!