Жаңаөзен әкімі Жансейіт Қайнарбаев пен қала тұрғынының әңгімесі желіде талқыға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұнайшы болып қызмет етіп, 2021 жылы зейнетке шыққан тұрғын әкімге:
"Өзенмұнайгаздың" атынан менің қызым оқып, қызыл диплом алып, маман болып шықты. 2012 жылы бітірді, содан бері қарай жұмысқа алған жоқ. Өзім осы жерде туып-өстім, осы жерде Отан алдындағы борышымды өтедім, осы жерде оқуды бітірдім, осы жерде 2021 жылы зейнетке шықтым", - деп сұрақ қояды.
Ал әкім оған ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ екенін айтып, экс-мұнайшының баласы да ел қатарлы кезекке тұруы керек екенін айтты.
"Бүгін, мысалы, БЖБ мекемесінің зейнетке шыққан жұмысшылары біздің балаларымызды кезектен тыс жұмысқа алсын дейтін уәжбен тұр. Ел қатарлы кезекке тұрсын. Мұнайшының баласы мұнайшы болсын деген ұғым жоқ. Қазір елдің барлығы кезекте тұр. Біздің халықтан қандай артықшылығымыз бар", - деп жауап берді ол.
Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде "Бұрғылау жұмыстарын басқару" кәсіпорнының жұмысшылары бірқатар талап қойып, жұмысқа келмей жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.
Атап айтқанда, олар компания зейнеткерлердің және өндірісте денсаулығынан айырылған жұмысшылардың балаларын жұмысқа алу туралы талап қойды. Еңбекақы мәселесі де көтерілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!