Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов әкімдік алдына жиналып, наразылық акциясын ұйымдастырып, мұнай-газ саласына жұмысқа орналаспайынша, аштық жариялаған бір топ азаматтың талабына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұрындары айтқанымдай - барлығын бір уақытта мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Мемлекет ұсынатын жұмысқа орналасудың барлық мүмкін нұсқаларын пайдалану қажет. Алайда, өкінішке қарай, біздің кейбір азаматтарымыз мұны тыңдағысы да, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланғысы да келмейді.
Біз қолданыстағы алгоритм бойынша жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған адамдарға қиянат жасай алмаймыз. Әкімдік алдына наразылық білдіруге шыққандарды кезексіз жұмысқа орналастыра алмаймыз. Бұл әділетсіздік болады", - деп жазды қала әкімі Facebook-тегі парақшасында.
Айбек Қосуақовтың айтуына қарағанда, әкімдік жұмысқа орналасудың басқа баламасын ұсынған. "Жұмыс жасаймын" жобасы аясында жалақысы 140-тан 280 мың теңгеге дейін болатын бос жұмыс орындары тізбегіндегі жұмысқа тұруға мүмкіндік бар. Олардың көпшілігі үшін жоғары білімнің болуы міндетті емес.
"Бұл мұнай-газ секторындағы кезегіңізді күтуге ешқандай кедергі келтірмейді. Меніңше, бұл ұсыныс – жұмыссыз жүргеннен жақсы, отбасыңызға қолдау болары анық. Жаңаөзенде өз шешімін талап ететін бірқатар мәселе бар. Әрине, оның бірі - халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Бірақ көбінесе әріптестерімізбен бірге бар уақытымызды қаламыздың өзекті мәселелерін жүйелі шешуден гөрі митингілер мен ереуілдерге жұмсауымызға тура келеді. Құрметті жерлестер! Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсеңіздер! Біздің есігіміз Сіздерге әрдайым айқара ашық. Көптеген қоғам белсенділері әртүрлі мәселелер бойынша түрлі комиссияларымыздың жұмысына араласып, қатысып келеді. Сіздердің көмектеріңіз әрдайым қажет және біз Сіздермен бірге одан да жақсы істерді атқара аламыз. Ортақ күш-жігерімізді халық мүддесіне жұмсай отырып, қаламыздың және оның азаматтарының өмірін жақсартатынымызға бек сенімдімін", - деді ол.
10 мамырда жаңаөзендік жұмыссыз тұрғындар өз талаптарын айту үшін тағы да әкімдікке жиналды. Облыстық полиция департаменті 17 адамның ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!