Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін, 11 сәуірде Жаңаөзен әкімдігі алдындағы алаңға жиналған қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов жиналғандарға видеоүндеу жасады.
"Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер!
Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шаралар қабылданатын болады.
Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайлары мен жалақыларын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды. Бірақ ұсыныс қабылданбады. Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырлыққа шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияларға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын!"", - деді әкім үндеуде.
Еске салайық, бүгін Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшыларды Энергетика министрлігі ғимаратының маңында ұстап әкеткені белгілі болды. Артынша бұл хабарға қатысты астананың Полиция департамендегілер жауап берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!