- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жаңажылдық безендіруге жұмсалған...
"Жаңажылдық безендіруге жұмсалған қаражаттан 10 есе аз". Республика күнін тойлауға қанша қаржы жұмсалды?
25 қазан - Республика күні. Бұл - еліміздің ең басты мейрамы. Бұдан 33 жыл бұрын дәл осы күні Жоғарғы Кеңестің шешімімен "Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Еліміз көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. 2009 жылы заңға өзгерістер енгізілді. Кейін Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тасталған еді. Алайда былтыр 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы заңға қол қойды. Massaget.kz тілшісі биыл Республика күнін тойлауға мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін анықтап көрді.
Мемлекеттік сатып алу порталында Республика күнін тойлауға жарияланған лот саны көп емес. Порталда "Республика күні" кілтсөз арқылы бар болғаны бірнеше хабарландыру табылды.
Мәселен, Республика күні қарсаңында жоспарланған бұл 3 лотқа барлығы 850 мың теңге бөлінген.
Мына скриншотқа сәйкес, 12 лотқа 10 680 855 теңге бөлінген.
"Алматы облысының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі 25 қазан - Қазақстан Республикасы күніне арналған форумды ұйымдастыру және өткізу үшін 3 миллион теңгеге лот жариялаған.
Мына суретке сәйкес, мемлекеттік сатып алу порталында Республика күніне орай жаряланған лоттар құны 11 711 855 теңге болды. Оның ішінде Кентау ауданы әкімдігі 4 миллион теңгеге лот жариялаған.
Ал бұл жерде барлығы 11 миллион 959 106 теңге бөлінген, оның ішінде Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Республика күніне ісшара ұйымдастыру үшін 2 миллион 125 мың теңгеге лот жариялаған.
Мемлекеттік сатып алу порталында ісшараларды ұйымдастыру, концерт өткізу үшін де бірнеше лот жарияланған.
Мемлекеттік сатып алу порталында "Республика күніне" жарияланған лоттардың жалпы құны - 35 201 816 теңге. Салыстырмалы түрде былтыр Алматыға Жаңа жылға 359 миллион 500 мың теңге бөлінген еді. Аталмыш мерекеге республика көлемінде бөлінген қаржы жаңа жылда бір қаланың безендірілуіне бөлінген қаржыдан да әлденеше есе аз болып отыр. Яғни Алматы қаласының жаңажылдық безендіруге жұмсалған қаражатынан да 10 есе аз.
Айта кетейік, мұнда "Республика күні, 25 қазан, мереке" кілтсөздері арқылы табылған лоттар ғана саналды, кей лоттар саналмай кетуі де мүмкін. Дегенмен салыстырмалы түрде ел тарихында ерекше маңызы бар күнді тойлау үшін бөлінген қаржы жаңа жылдық безендірулер үшін бөлінген қаржыдан айтарлықтай аз екенін байқауға болады.
Massaget.kz тілшісі биыл Республика күніне мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін нақтылау үшін Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдады. Әйтсе де мақала жарияланғанша жауап келмеді. Алдағы уақытта бұл сауалды бақылайтын боламыз.
Еске салайық, былтыр Желіде Республика күнінің логотипі үшін дау шықты. Желі қолданушылары логотиптің ұрланғанын байқаған еді. Factcheck.kz мәліметінше, ресми лого Shutterstock.com сайтынан шыққан.
Кейін бұған жауапты орган өкілдері Қазақстанның басты мерекесінің логотипін жасауға бюджет қаржысы жұмсалмағанын мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек