Президент Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, бірқатар мәселеге тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау.
"Өздеріңізге мәлім, кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз. Қоғамда "Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?" деген сұрақ болуы мүмкін. Тіпті болған деп айтсақ та, қате емес. Бірақ алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетеді. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін. Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамдық кеңестерде мұндай байланыс та, тәжірибе де болмаған.
"Сондықтан біз алғаш рет Халық Кеңесі арқылы осы жұмысты қолға аламыз. Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осы орайда қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек. Халық Кеңесі қоғамдық кеңестермен тұрақты байланысты жолға қойып, оларға арналған жан-жақты қолдау шараларын қарастыруы қажет. Үкіметке Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесіп, мұндай құрылымдардың кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырамын. Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Бұл – кеңес қызметінің негізгі бағытының бірі. Дегенмен қазір елімізде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды көбірек тартқан жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.
"Кейінгі жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды. Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті қоғам талқысына түсіп жатады.Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы Талдықорған – Өскемен күре жолы ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" мекемесінің қызметін күшейту керек. Осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова