Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Сот отырысы ашық режимде елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ, қылмыстық жолмен келген ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру бойынша айыпталып отыр.
Еске салайық, 13 наурызда Астанада Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша алдын ала сот отырысы өткен болатын.
Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізуді сұрап, өтініш білдірген еді, алайда прокурорлар бұл ұсынысқа қарсылық танытты. Сот та бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова сот отырысы кезінде журналистер түсіруіне қарсы екенін айтты.
"Үлкен балам мектепке барады, оған біздің жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылады", - деп түсіндірді Эльмира Төлегенова.
Сонымен қатар, сот отырысы барысында Жанәбіловтердің адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова