Жанәбіловтер 247 млн теңге өтеп, жазаны жеңілдетуге үміттеніп отыр

Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деп айыпталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова 250 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Бұл туралы сотта прокурор Олжас Хайроллаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушылар мүлік залалын өз еркімен өтегенін айтты, оның мөлшері - 247 653 229,5 теңге.

Сот үкімді қарау үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Үкім сағат 16:30-да жарияланады.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайроллаев айыпталушылардың процестік келісім жасасу туралы өтінішін қолдады.

Прокурор Ерболат Жанәбіловке екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, оған мүлкін тәркілеу, шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау ұсынылды.

Эльмира Төлегеноваға түпкілікті екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу және жазаның орындалуын екі жылға кейінге қалдыру ұсынылды.

Еске салайық, танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!