Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың көлік пен смартфон ұтыстарына қатысты дауы сотқа жетті. Енді іске қорғаушылар араласты: блогерлердің адвокаты бұл істі "лотерея емес, маркетинг" деп атап, айыптауларды заңға емес, қоғамдық резонансқа негізделген деп санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиғаның мән-жайы
18–21 тамыз аралығында Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова 11 автокөліктің ұтысын жариялады. Тікелей эфир күткен қолданушылар Zhana Business атты ақылы оқуға (30 мың теңге) сілтеме алған. Ұтысқа қатысу тек курсты сатып алған соң мүмкін болды. Бұл жағдай сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсірілді.
Туризм және спорт министрлігі лотерея билеттерін тарату және ұтыстар өткізу құқығы тек ресми ұйымдастырушылар мен агенттерге берілгенін еске салды.
Министрліктің ұстанымы
Ерболат Жанәбіловке қатысты ҚР ӘҚБтК 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша (лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзу белгілері) хаттама толтырылды.
Материалдар адвокаттың өтініші бойынша сотқа жіберілді, ал Эльмира Төлегеноваға қатысты тексеру жалғасып жатыр.
Ведомство азаматтарды "күмәнді ұтыс ойындарына қатыспауға" шақырды.
Қорғаушылардың уәжі
Отбасының адвокаты Олег Чернов қорғаныс тарапына материалдармен толық танысуға және жазбаша түсініктеме дайындауға уақыт қажет болғанын айтты. Оның сөзінше, министрлікте ұйымдастырушылық кедергілер болған: өткізу режимі, телефон мен ноутбук әкелуге тыйым салу себебінен материалдарды фотоға түсіруге және жедел қарсылық дайындауға мүмкін болмаған.
Черновтың пікірінше, ұтыстар – бұл тауар мен қызметті сату ынталандыру құралы, ал бұл заң бойынша лотерея емес:
"Егер ұтыс тауар немесе қызмет сатуды ынталандыру мақсатында өткізілсе, ол лотереяға жатпайды. Бар болғаны осы. Бұл – "Лотерея қызметі туралы" заңның 1-бабында көрсетілген", – деді ол Qogamnews-қа берген сұхбатында.
Адвокаттың айтуынша, курстар мен сыйлықтар "заңды тұлға арқылы" жүргізіледі, ал курсқа төленген қаражат та "заңды тұлға шотына" түседі, сондықтан бұл – маркетинг акциясы.
Мысал ретінде ол танымал брендтердің акцияларын келтірді:
"Кішкентай кезімде велосипед ұтып алу үшін газдалған сусындарды көп сатып алатынмын. Қақпақ астынан кейде қалам не футболка ұтатынмын, бірақ велосипед бұйырған жоқ. Ол маркетинг деп саналатын. Мұнда да жағдай сондай".
Чернов ведомство өкілдерінің көзқарасын да жеткізді:
"Қандай дәлел көрсетсек те бәрібір сіздерді жазалауымыз керек дегендей қоғамдық резонанс қалыптасты", – деген сөзді ведомствоның позициясы ретінде жеткізді.
Оның ойынша, шешімді қоғам пікіріне емес, заңға сүйеніп сот қабылдауға тиіс.
Қатысу шарттары акция барысында өзгергендей көрінді: бастапқыда "репост" жеткілікті болса, кейін міндетті түрде курс сатып алу керек болды.
Оқырмандар тарапынан салық төлемдері, сыйлықтардың шынайылығы және ақшаны қайтарудан бас тартудың заңдылығы туралы сұрақтар туындады.
Алдағы қадамдар
Ерболат Жанәбіловке қатысты іс сотта қаралады. Қорғаушылар ашық процесс өткізу мен материалдармен толық танысу құқығын талап етеді. Эльмира Төлегенова бойынша тексеру жалғасып жатыр, оның қорытындысы кейін шығады.
Министрлік әлеуметтік желідегі ұтыстардың лотерея туралы заңға сай болуы керегін еске салып, қолданушыларды сақ болуға шақырады.
Айта кетейік, мемлекеттік органдардың ескертуіне қарамастан, блогерлер жұбы Instagram-парақшаларында ұтыстар өткізуді жалғастырып жатыр.
Жанәбіловтар кімдер?
Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова – Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі. Ерболаттың аккаунтында 8,4 миллион, Эльмираның парақшасында 7,1 миллион оқырман бар. Олардың жарияланымдары миллиондаған қаралым жинап, ұтыс ойындары жиі Instagram-да вирус контентке айналады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!