Жанәбіловке қатысты іс: сотта не айтылып жатыр?

Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты сот процесі өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта не айтылды?

Бүгін сотта Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін реттеу комитетінің ұстанымы айтылды.

Сонымен қатар, судья Малика Ноғайбекова Ерболат Жанәбіловтен кінәсін мойындап-мойындамайтынын сұрады. Блогердің жауабы қысқа болды: "Жоқ, іспен таныстым".

Ведомство мәліметінше, көліктер, смартфондар және ақшалай сыйлықтар ұтысы Zhana Business компаниясының атынан емес, Жанәбіловтің Instagram парақшасы арқылы өткізілген:

  • Сыйлықтар мен төлемдер Kaspi Gold-тағы оның жеке шоты арқылы өткен, бұл тек жеке тұлғаларға беріледі. Заңды тұлғалар үшін Kaspi Pay бар.
  • Көліктер мен смартфондар компанияның балансында есепке алынғаны туралы ешқандай дәлел жоқ.
  • Қазақстанда лотереяны тек "Сәтті жұлдыз" АҚ 2032 жылға дейін өткізуге құқылы, ал Жанәбілов оның агенті емес.

Осылайша, комитет пікірінше, блогер жеке тұлға ретінде әрекет етіп, лотерея туралы заңды бұзған.

Дау қалай өрбіді?

Бұған дейін блогерлер Instagram-да 11 көлік ойнатылатынын жариялаған болатын. Шарты қарапайым көрінген, репост жасау ғана. Алайда 21 тамызда оқырмандар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесін көрген. Конкурсқа тек курсты сатып алғаннан кейін қатысуға мүмкіндік берілетіні белгілі болды. Бұл жұрт арасында наразылық тудырды.

Кейінірек Жанәбіловтер ұйымдастырған даулы конкурс сотқа жетті. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!