Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев журналистерге арнайы мәртебе беріп, оларды тұрғын үй кезегіне қою мүмкін емес екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"БАҚ өкілдеріне байланысты бір ақиқаттың бетін ашып алғанымыз жөн. Жаңа әзірленген заң аясында журналистерге арнайы мәртебе беріп, бір тұрғын үй бағдарламасы арқылы кезекке қоюды жүзеге асыра алмаймыз. "Масс-медиа" туралы заң Парламенттің қарауына келгеннен кейін журналистер депутаттардан әлеуметтік мәселелеріне қатысты көп нәрсе күтпеуі қажет", - деді депутат.
Сонымен қатар, мәжілісмен осы бағыттағы өзінің ұсынысын да алға тартты. Оның пайымынша, салалық министрлік "Отбасы банк" және екінші деңгейлі басқа да қаржы ұйымдарымен келісім жүргізуі қажет.
"Тілшілердің баспана мәселесін шешудің жолдарын бірлесіп қараған жөн. Біз оларды бір күнде категорияға енгіземіз деп айта алмаймыз. Өйткені әр мамандықты категорияға енгізу мүмкін емес. Бүгінде 650 мыңнан аса азамат баспана кезегінде тұр. Жыл сайын тұрғын үй кезегіне тұратын азаматтардың саны 40-50 мың аралығында өсіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе "Масс-медиа" туралы заңның аясында шешілмейді", - дейді депутат.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!