Динара Аянова 5 жылдан бері жаңа туған нәрестені суретке түсірумен айналысады. Оның бұл кәсіппен айналысуына екі ұлдан соң дүниеге келген қызы әсер еткен. Massaget.kz тілшісіне фотограф Динара Аянова newborn стилінің ерекшелігі, суретке түсіруге дайындық және ата-аналарға кеңесін айтты.
"Қызым әсер етті"
Динара Аянова ақпараттық жүйелер саласы мамандығын бітірген. Көпбалалы ананың айтуынша, ол сәбилерді жанындай жақсы көреді. Осы қасиеті Динараның балалар фотографы болуға әсер еткен.
"Бұл кәсіпті бастауыма қызым әсер етті. Екі ұлымнан соң қызғалдақтай қызым дүниеге келгенде оны әдемі етіп суретке түсіргім келді. Бәрі содан басталған еді. Перзентханада болғанды, сондағы атмосфераны жақсы көремін. Енем "баламен отырып қалма, қыдыр, сыртқа шық" деп айтқанымен жаным сәбилерге жақын болды. Қызым дүниеге келген соң жаңа туған сәбилерді суретке түсіру идеясын жүзеге асырғым келді. Әр дүниеге келген сәбидің нәрестелік шағын есте қалдырғым келді. Себебі сол сәт сондай ыстық, қайталанбас кез деп айтар едім", - деді ол.
Ол Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінен бұл сала бойынша білім алған.
"Бөпелерді суретке түсіру аз ақшамен бастап кететін кәсіп емес. Техникалары да, реквизиттері де қымбат. Барлық реквизиттерді Мәскеу, Дубайдан тапсырыс бердік. Ал білімді Самара және Дубай қаласынан алдым. Жалпы кәсіпті 1 млн теңгемен бастадым",- деді ол.
"Алғашқы екі аптада түсірген дұрыс"
Фотограф білім алып келген соң бірден алғашқы тапсырысына кіріскен. Алайда суреттер сапасыз шыққанына қарамастан, клиенті оны одан әрі шабыттандырған.
"Самара қаласынан оқып келген соң тұрғындарға жеңілдік жасап, құнын 15 000 теңге еттім. Көп ұзамай клиентімнің үйіне бардым. Ең алғашқы тапсырыс өте керемет болып шықпайтыны анық қой. Қанша дегенмен, тәжірибе керек. Түсірген суреттерім сарғайып кетті. Соған қарамастан нәрестенің анасы мотивация берді. "Көріп тұрмын, сіздің қолыңыздан келеді" деп мені қанаттандырды",- деді ол.
Оның айтуынша, жаңа туған сәбиді 5-14 күн аралығында түсірген дұрыс.
"Нәресте анасының жатырындағы қимылдарды 5-14 күн ішінде жасай алады. Сәбидің ұйқысы тыныш, сүйектері қатаймаған кез осы уақыт аралығы деп айтар едім. Жыл сайын білімімді шыңдау үшін Алматы, Ақтау қаласына барып тұрамын",- деді Динара Аянова.
"Баланы жылатпай қалай түсіресіз?"
Фотограф суретке түсірудегі ең басты талап - ата-анасының жайлылығы екенін атап өтті.
"Ата-анасы нәрестені алып келген соң әрі қарай барлығын өзім жасаймын. Әр фотосессияның алдында концертке шығатындай дірілдеймін. Себебі жаңа сәби-анамен қауышамын. Маған ең қиыны - бастап кету. "Көрермен сені қалай қабылдайды" деген секілді ата-анасын да уайымдаймын. Анасы ең алғаш қолына сәбиін алғаны секілді, менде де сондай сезім болады. Алдыма келген балаға аналық сезімімді беремін. Көпшілігі "баланы жылатпай қалай түсіресіз" деп таңғалып жатады", - деді ол.
Оның айтуынша, newborn стилін түсіретін кезде 14 күннен асып кетсе, көптеген фотографтар бас тартады.
"Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Бала 1 айға толса да түсіремін. Бірақ өздеріне ескертіп айтамын. Жалпы фотостудияда 2 жасқа дейінгі балаларды суретке түсіремін. Фотосессия 45 мың теңгеден басталады. Ал ең жоғары бағасы - 110 мың теңге. Мұның ішіне визажисттердің еңбегі мен барлық қажетті дүние кіреді", - деді Динара Аянова.
"Әкелердің ұйықтап қалатын кездері болады"
Көбінесе сәбидің әкесі мұндай фотосессияға ықыласты бола бермейді.
"Фотосессияға әкелгенде негізі әкесі, ата-әжелері қарсы болып жатады. Оны жасыру мүмкін емес. Аналар әкесін көндіруге барын салып келеді. Әкелердің кейбірі қабағын түйіп, біреулері күліп, енді біреулері түсінбей келеді. Бірақ сурет дайын болғанда таңғалып жатады. Фотосессия 2-3 сағатқа созылатындықтан әкелердің ұйықтап қалатын кездері де болады", - деді фотограф.
Сондай-ақ, жаңа туған сәбиге қатысты ырым-тыйымдарды ұстанатындар да бар.
"40 күнге дейін суретке түсірмеу, көрсетпеу, жарияламау дегенді ұстанатындар бар. Кейде тапсырыс берген жандардың үйіне барамын. Бірақ мен барғаннан гөрі олардың фотостудияға келгені жақсы. Себебі үйге студияны көшіріп апарамын. 5-6 қабатқа жаяу көтеріліп, 2-3 рет тасығанда қайда келгенімді ұмытып қалатын сәттер болады", - деді ол.
"ӘлДи" деп қоюымның сыры бар"
Сәбиін суретке түсіруге көбінесе жастар жиі келеді.
"Клиенттерімнің басым көпшілігі - 20-30 жастағы аналар. Ал одан үлкен жастағы аналарға құрбылары, қыздары сыйлайды. Балалардың қорқыныш сезімін ұядай жылы студиямның атмосферасы арқылы ретке келтіремін деп ойлаймын. Студиямда мультфильм қосамын. Балаларға барлық жағдай жасалған", - деді ол.
Динара кәсібін "ӘлДи" деп атауының өзіндік сыры бар екенін айтты.
"Біздің өміріміз әлдиден басталады ғой. Нәресте де әлдимен тербетіледі. Әрі "ӘлДи" атауындағы соңғы буынды атыммен сәйкестендіріп қойдым. Кәсіби түрде маман атанған соң аналарға арнап, блог жүргізіп бастадым. Себебі нәрестелерді суретке түсіру үшін маған аналар аудиториясы қажет болды. Бір жағы аналарға "менің қандай пайдам тиеді" деген ниетпен бастадым. Бастапқыда тамақ пісіріп, үй жинағанымды салып, кейін аудиториям нақтыланды", - деді ол.
"300 мың теңгеден шошыдым"
Фотограф бірнеше тапсырысынан жиналған ақшаны көргенде қатты таңғалған.
"Алғашқыда тапсырыстардан түскен ақшамды жинай бердім. Оларды мүлдем санамаған едім. Біраз уақыттан соң қарасам, 300 мың теңге болыпты. Оны көріп, шошып кеттім. Себебі мұндай үлкен соманы көбінесе жолдасым ұстайтын еді. Қазір, шүкір мұндай сомаға үйреніп кеттім", - дейді ол.
Кәсібін қарызсыз, несиесіз бастаған Динара бүгінде осы саланың нағыз маманы болған.
"Қарызға батпай, несие алмай бастаған кәсібім берекелі болды. Негізі кәсіпті бастауға несие алмауға кеңес берер едім. Сол кезде табысыңыз арта береді. Кәсіпкер болу маған бір орында тоқтамай, әрі қарай алға басуды үйретті. Қазір өзім ғана жұмыс істеймін. Себебі бұл кәсіпте тек өзіме сенемін. Ата-ана нәрестесін маған сеніп тапсыратындықтан басқа ешкімге сене алмаймын", - деді ол.
Оның айтуынша, жаңа туған сәбиді суретке түсіру - ең қызық әрі қайталанбас сәттердің бірі.
"Newborn - жаңа туған сәбиді суретке түсіру Қазақстанда 5 жыл көлемінде енді дамып келеді. Негізі бұл - мүлдем қайталамайтын фотосессия. Мәселен, үйлену тойында түспесеңіз, ақ көйлекті жалға алып, басқа уақытта түсе беруге болады. Ал баланың дүниеге келген сәті еш қайталанбайды. Мұрадан мұраға жететін сурет деп айтар едім. Әрбір түсірген сәбиіме әрдайым "бұл - сенің әкең" деп айтатын күнге жетейік деп тілек айтамын", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!