Жаңа цифрлық құжат іске қосылды. Ата-аналар не білуге тиіс?

Жаңа цифрлық құжат іске қосылды. Ата-аналар не білуге тиіс?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Оқу-ағарту министрлігі Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева елімізде жаңа цифрлық құжат іске қосылғанын, енді ата-аналарға мектептен қағаз түрінде анықтама алудың керегі жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство өкілінің сөзінше, 2023 жылғы 27 желтоқсаннан бастап оқу орнынан қағаз түріндегі анықтамаларды талап ету және алу тоқтатылған.

"eGov mobile мобильді қосымшасында "Білім туралы ақпарат" атты жаңа цифрлық құжат іске қосылды. Оны eGov қосымшасы орнатылған смартфон арқылы пайдалануға болады. Барлық ақпарат eGov mobile қосымшасы Цифрлық құжаттар Отбасы бөлімінде қолжетімді. Бұл құжат балаңыздың балабақшаға баратынын немесе мектепте, колледжде оқитынын растайды. Білім туралы ақпаратта баланың тегі, аты, әкесінің аты, жеке идентификациялық нөмірі (ЖСН/ИИН) туған күні, білім беру ұйымының атауы мен мекенжайы, жас тобы, балабақшадағы тобының атауы немесе мектептегі сыныбы, колледж үшін топ коды көрсетіледі. Енді ата-аналарға оқу орнынан қағаз түріндегі анықтама алудың қажеті жоқ. Олар жеке куәлік секілді eGov mobile қосымшасынан білім туралы ақпаратты ұсынса жеткілікті", - деді директордың орынбасары.

Сондай-ақ, Майра Маралбаева диплом да цифрлық форматта берілетінін еске салды.

"Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Талдау" ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы" АҚ және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдарды цифрлық форматта беру бойынша жұмысты атқарған. Олар да мобильді қосымшада қолжетімді екенін назарларыңызға саламыз", - деді ол.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz