Минералды су, алкогольсіз ішімдіктер мен сусындарды өндірушілер, сондай-ақ, Қазақстанның сыра қайнату өнеркәсібінің өкілдері осы салалардағы көптеген кәсіпорынға жабылу қаупі төніп тұрғанын айтуда. Қазақстан суды, ішімдіктер мен сыраны өндіретін өзінің кәсіпорындарынан айырылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Өндірушілердің барлық санаты үшін жерасты суына қатысты пайдалы қазбаларды өндіруге салық мөлшерлемесін өзгерту мақсатында салық органдарының салық кодексін қайта қарастыру туралы бастамасы осыған себеп болып отыр.
Қазіргі таңда Қаржы министрлігінде ҚР Парламент Мәжілісіне «Қазақстан Республикасының салық салу және кедендік әкімшілік мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды ендіру туралы» заң жобасы (ары қарай – заң жобасы) дайындалып, қарастырылуға ұсынылды.
Заң жобасында жерасты суларына қатысты пайдалы қазбаларды (ары қарай - ЖСҚПҚ) өндіруге салықты есептеудің тәртібін қайта қарастыру ұсынылған. Атап айтқанда, өндірілген жерасты суының 1 тоннасы үшін 1 АЕК мөлшерінде ЖСҚПҚ мөлшерлемесін белгілеу ұсынылған. Бұл алкогольсіз ішімдіктер мен суларды өндірушілер үшін салықты орташа есеппен 500 есеге, ал сыра өндірушілері үшін 1000 еседен астам мөлшерге ұлғайтуды көздейді.
Осының нәтижесінде қазақстандық өнім ақырғы тұтынушы үшін 25%-ға қымбаттамақ, кәсіпорындарға салынатын салықтық жүктеме 40%-ға артпақ.
ЖСҚПҚ-на қатысты ұсынылған мөлшерлеме бекітілетін болса, онда бұл салық түрінің мөлшерлемесі Қазақстандағы Еуразиялық Экономикалық одақ елдеріне қарағанда анағұрлым жоғары болып, қазақстандық өнім өзінің бәсеке қабілеттілігін жоғалтады. Сонымен қатар, мөлшерлемені жоғарылату инвестициялық ахуалға жағымсыз ықпалын бермек. Қазіргі таңда ЖСҚПҚ мөлшерлемесінің ұлғаюына байланысты бірқатар қазақстандық компанияларда жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тоқтату қаупі туындап отыр.
Мөлшерлемені ұлғайтудың әлеуметтік салдары да айқын, өйткені қазіргі таңда алкогольсіз ішімдіктер, сулар мен сусындар өндірісінің бір өзінде жалпы жұмысшылар саны 20 000 адамға жуықтайтын 400-ден аса кәсіпорын тіркелген. Қазақстандағы сыра қайнататын ең ірі өндірістердегі қызметкерлері саны, Сыра қайнатушылар одағына мүшелер саны 3000 адамнан асады.
Қазақстанда ауыз судың жетіспеушілігі бар екенін ескеретін болсақ, тұрғындар бағасы жағынан қолжетімді сапалы ауыз суын тұтыну мүмкіндігінен айырылмақ.
Алкогольсіз ішімдіктер саласы үшін салық органдарының Парламенттің шешімін күтпестен өткен кезеңдегі салық төлемдері бойынша қайта есептеу бойынша өндірушілерге шағым қойып отырғаны да бұл жағдайды қиындатуда. Өсімпұлды қосу сомасы тіпті өнімді өткізудің жылдық көлемінен анағұрлам асады.
Осы тұста ҚР жер қойнауын пайдаланушылардың барлығы қолдаған және келісімшарттарды жасасу кезінде құзыретті органдар, оның ішінде өндірушілерді салықтық тексеру кезінде салық органдары мақұлдаған өндірілген жерасты суы үшін төлемді есептеудің көп жылдық тәртібі де мүлдем ескерілмейді.