Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексі жобасына қандай өзгерістер енгізілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың пікірінше, бұл түзетулер азаматтар мен экономика үшін маңызды, алайда әзірге жұмыс тобы деңгейінде талқыланып жатыр.
Құмар ойындарға салынатын салық көбеюі мүмкін
Құмар ойын бизнесі әсіресе букмекерлік кеңселерге қазір 10% деңгейінде салық қарастырылған.
"Біз оны екі есеге арттырып, 20%-ға дейін көтеруді ұсындық. Бұл бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түсім әкелуі мүмкін", - деді депутат.
Банктер үшін КТС мөлшерлемесін арттыру
Үкімет жобасында банктер үшін корпоративті табыс салығы (КТС) 25% деңгейінде белгіленген.
"Бұл мөлшерлемені 30%-ға дейін көтеруді ұсындық. Бұл - әділ шара, себебі банк секторының пайдасы өте жоғары. Әсіресе қаржылық қызметтердің қымбаттауы мен дивидендтердің бірнеше есе өсуін ескерсек, бюджетке қосымша табыс әкеледі", - деді Аймағамбетов.
Алкоголь және трансмайларға акциз енгізу
Депутат ішімдік бірінші қажеттілікке жатпайтын тауар болғандықтан, оған акциздерді арттыру қисынды деп санайды.
"Трансмайлар - арзан, бірақ өте зиянды, канцероген заттар. Оларды тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданады. Көптеген Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып, біз трансмайларға акциз енгізуді ұсындық. Бұл олардың қолданылуын азайтуға және өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі", - дейді депутат.
Дәрі-дәрмектерге қатысты өзгеріс
Аймағамбетовтің пікірінше, дәрі-дәрмектерге ҚҚС (НДС) енгізу дұрыс емес, себебі бұл ең осал топтарға - зейнеткерлерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға тікелей әсер етеді.
"Олай болса, дәрі-дәрмектер айтарлықтай қымбаттайды. Біз дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босатуды көздейтін қолданыстағы норманы сақтап қалуды ұсындық. ҚҚС енгізу азаматтар үшін, әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектер үшін емдеу құнын арттырады. Бұл жағдай қолжетімділігі шектеулі медициналық қызметтерді одан әрі қиындатады. Сонымен қатар біз медициналық қызметтер үшін КТС мөлшерлемесін төмендетуді ұсындық (қолданыстағы кодексте олар КТС төлемейді)", - деді ол.
Банк операцияларына ҚҚС (НДС) енгізбеу
Аймағамбетовтің айтуынша, Үкіметтің банк аударымдары мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз.
"Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны ҚҚС енгізіледі деген болжаммен өсіп жатыр. ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Біз бұл норманы қабылдамауды және негізгі қаржылық қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеуді ұсындық", - деді ол.
Эндаумент қорларына қатысты түзетулер
"Эндаумент қорлары әлеуметтік және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Біз қайырымдылыққа жұмсалған сомаларды салықтан босатуды ұсындық. Бұл азаматтар мен компанияларды қайырымдылыққа қатысуға ынталандырады", - деді депутат.
Шығындарды оңтайландыру
"Мемлекеттік органдарға әкімшілік ғимараттар салу, үлкен стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар мен форумдар өткізу шығындарын қысқарту қажет", - деп түйіндеді Аймағамбетов.
Еске салайық, бұған дейін де Асхат Аймағамбетов Салық кодексі жобасында бірқатар қолайсыз норма барын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова