- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа салық кодексін...
Жаңа салық кодексін электрон форматқа көшіру керек - Тоқаев
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін жасау керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды", - деді ол.
Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс.
"Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді.
Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электрон форматқа көшірген абзал. Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн", - деді ол.
Тоқаев жаңа салық кодексін тағы бір жыл талқылауды ұсынды.
"Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.
Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек", - деді Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс Төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған еді.
Отырыс Астанада өтіп жатыр.
Қыркүйек айында Қазақстанда жаңа саяси маусым басталады. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ол Президенттің Жолдауынан басталады. Кейінгі екі жылда Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа 1 қыркүйекте үндеу жасаған болатын.
Жаңа саяси маусым: Президент Жолдауы несімен маңызды?
Сарапшылардан Президенттің Жолдаудағы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын және бұл құжаттың мемлекеттік аппарат үшін неге аса маңызды екенін сұраған едік.
Еске салайық, Президент 2023 жылы 1 қыркүйекте Жолдау жасаған болатын. Жолдауда маңызды мәселелер көтеріліп, бірнеше тапсырма берілді. Оның ішінде:
- Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды
- Көлік министрлігі қайта құрылды
- Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді
- Ірі кәсіпорындарға 5 жыл сайын аудит жасалатыны айтылды
- "Келешек" ерікті жинақтау жүйесі пайда болатыны айтылды
- Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады
- Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілетіні айтылды
- Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылатыны айтылды
- АЭС салу референдум арқылы шешілетіні айтылды
- 2024 жылы ұлттық төлем жүйесін толық енгізу тапсырылды
- "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау тапсырылды
- Қазақстанға шетелдік үш банк келетіні айтылды
- Су тапшылығы қашан сезілетіні айтылды
- Инвесторлар салықтан босатылатыны айтылды
- Туризм саласында нақты тапсырмалар берілді
- "Ұлттық қор - балаларға" жобасы қолға алынды
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек