Бүгін Сенат депутаттары жаңа Салық кодексі жобасын қарады. Сенаторлар бұл құжаттың кейбір тармақтарын мақұлдамады, осылайша Мәжіліске пысықтауға қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Салық кодексін талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында сенаторлар құжатқа бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу қажет деп тапты:
- Шаруа қожалықтары үшін прогрессив салық салу ұсынылды: 230 000 АЕК-тен асатын табысқа 15%-дық мөлшерлеме бойынша салық салынады;
- KASE-де бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелерден дивиденд алатын азаматтар үшін жеке табыс салығы бойынша жеңілдік белгіленді;
- Банктегі транзакциялар қымбаттауын болдырмау және халықаралық есеп айырысу кезінде ақау шықпауы үшін төлем карталарымен жасалатын операциялар ҚҚС-тан босатылады;
- Автомобильдер, кемелер, ұшақтар бойынша акциздер тек импорттау кезінде емес, сонымен қатар, ел ішінде сату кезінде де алынады. Жеке тұлғалар ғана төлейді;
- Камералды бақылау жөніндегі хабарламаларды елемеген жағдайда электрон шот-фактураларды тоқтата тұру тетігі енгізілді;
- Мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін кәсіпорындардың айналымы (кемінде 10 қызметкер) ҚҚС-тан босатылады;
- Отандық баспа өндірісі үшін 10% ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді; т.с.с.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ҚҚС шегі мен салық мөлшерлемесі анықталғаны хабарланды. Бұл мәселеде Үкімет пен депутаттар ортақ келісімге келген болатын. Бұл туралы вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Серік Жұманғариннің сөзінше, ҚҚС 16 пайызға тең болады (қазір 12 пайыз - еск.). ҚҚС бойынша шек 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова