Жаңа Салық кодексі Парламенттің қарауына қашан түседі?

Жаңа Салық кодексі Парламенттің қарауына қашан түседі?
Фото: depositphotos.com

Салық кодексінің жобасы талқылау қорытындысы бойынша 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына жіберіледі. Мұндай тапсырманы премьер-министр Олжас Бектенов берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет басшысы осы аптада кәсіпкерлердің, сарапшылардың, мәслихат депутаттарының қатысуымен өңірлерде талқылау өтетінін мәлімдеді. Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасы Мәжілістің қарауына енгізіледі.

"Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде бизнес өкілдерімен, депутаттармен, сарапшылармен салық реформасы мәселелерін мұқият талқылауды тапсырды.  Талқылаулар мен келісім рәсімдерін аяқтап, 20 ақпанға дейін Салық кодексі жобасына және оған ілеспе заң жобасына өзгерістерді Мәжіліске жіберу қажет", - деді Бектенов Үкімет отырысы кезінде.

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. 

"Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет", - деді Президент.

Үкіметтің ұсынысы

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты. 

"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату", - деп түсіндірді Азамат Әмрин. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget